Мәдениет

Жас ұрпақты кітапқа баулып келе жатқан кітапхана

Семейдегі Балалар және жасөспірімдер кітапханасы 2002 жылы ашылып, 2003 жылдың сәуір айында ресми түрде оқырманға есігін айқара ашты. Бүгінде бұл кітапхана балалар мен жасөспірімдердің білімін кеңейтіп, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын маңызды мәдени орталыққа айналды. Мұнда екі оқу залы мен екі абонемент бөлімі жұмыс істейді.


Оқырманды кітапханаға тарту мақсатында қаладағы мектептермен бірлесіп түрлі байқаулар, мәдени, отбасылық шаралар, кітап көрмелері және ақын-жазушылармен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Бұл шаралар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, әдебиетке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.


Балабақша тәрбиеленушілеріне арналған жылжымалы кітапхана қызметі де ұйымдастырылған. Ал балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін «Акварель», «Шебер қолдар» үйірмелері мен әр жастағы оқушыларға арналған клубтар жұмыс істейді.

Кітапхана қоры жыл сайын жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Әсіресе туған өлке тарихы мен мәдениеті туралы кітаптар оқырман тарапынан сұранысқа ие. Сонымен бірге қазақ және орыс тілдеріндегі газет-журналдарды оқуға мүмкіндік бар.


Өлке тарихын таныстыруға арналған шаралар да жиі ұйымдастырылып, жас ұрпақ туған жердің тарихы мен мәдениеті туралы мол мағлұмат алады.

Кітапхана әлеуметтік желіде де белсенді. @bjk_semey парақшасы арқылы кітапхана жаңалықтары туралы оқи аласыз. Мекеме Уранхаев көшесі, 20 мекенжайында орналасқан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button