Түбіртектің экологияға зияны бар ма?

Дүкеннен сауда жасағанда берілетін қағаз түбіртекті көпшілік оқымай-ақ бірден қоқысқа тастайды. Бірақ күн сайын миллиондаған адамның қолынан өтетін осы шағын қағаздың табиғатқа тигізетін әсері бар.
Эколог Мейіржан Айтжановтың айтуынша, мәселе түбіртек қоқысқа түскеннен ғана емес, оны өндіру кезеңінен басталады. Түбіртек қағазын шығару үшін ағаш кесіледі. Көп мөлшерде су мен электр энергиясы жұмсалып, химиялық заттар қолданылады. Бұл орман ресурстарының азаюына және қоршаған ортаның ластануына әсер етеді.

Дүкендерде қолданылатын түбіртек термалды қағаздан жасалады. Оның бетіне арнайы химиялық қабат жағылады. Құрамында бисфенол А (BPA) немесе бисфенол S (BPS) сияқты заттар болуы мүмкін. Мамандар бұл қоспалар адам денсаулығына және табиғатқа зиян тигізуі мүмкін екенін айтады. Мұндай қағазды қайта өңдеу қиын, сондықтан ол көбіне қоқыс полигондарына жіберіледі.
Қазақстан бойынша нақты статистика жоқ. Бірақ шамамен 10 миллионға жуық белсенді тұтынушы бар. Егер әр адам күніне орта есеппен екі түбіртек алса, онда жылына 7 миллиардтан астам түбіртек пайдаланылуы мүмкін. Бір түбіртек небәрі 0,5–1 грамм болғанымен, жалпы көлемі мыңдаған тонна қағаз қалдыққа айналады.

Бұл қоқыс полигондарына түсетін салмақтың артуына, ал құрамындағы химиялық заттардың топырақ пен суға таралу қаупіне әкеледі. Егер үрдіс өзгермесе, алдағы жылдары қайта өңдеуге жарамсыз қалдық көлемі одан әрі өсуі мүмкін.
Мамандар мәселені азайту жолдары бар екенін айтады. Дүкендер электронды түбіртек жүйесіне көшіп, қағазды тек сатып алушы сұраған кезде ғана басып шығара алады. Ал тұтынушы қажетсіз түбіртекті алмауға тырысса, табиғатты қорғауға өз үлесін қосады.
Экологтардың пікірінше, экологиялық мәдениет дәл осындай күнделікті ұсақ әдеттен басталады. Кішкентай түбіртек елеусіз көрінгенімен, оның табиғатқа түсіретін салмағы ауыр.
Тұрғұнбай Балнұр, Astan IT University, 2-курс



