Сарбаздардың несиесі кейінге шегерілді

Қазақстанда мыңнан астам мерзімді әскери қызметшінің құқықтары қорғалып, олардың несиелік төлемдері кейінге қалдырылды. Жалпы сомасы 300 млн теңгеден асатын міндеттемелерді өтеу мерзімі уақытша шегерілді.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, бұған дейін мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары арасындағы ақпарат алмасудың жеткіліксіздігі салдарынан сарбаздарға төлемді кейінге қалдыру рәсімі уақытылы жүргізілмеген. Соның кесірінен әскери қызмет өткеріп жатқан азаматтардың құқықтары толық сақталмай келген.
Прокурорлардың араласуынан кейін жағдай түзетіліп, мерзімді әскери қызметшілердің несиелері бойынша төлем мерзімдері ресми түрде кейінге шегерілді. Бұл шешім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер үшін міндетті талап ретінде белгіленді.
Қадағалау органы алдағы уақытта да әскери қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.



