600 адамдық ауылда бизнес жүре ме?

Абай ауданына қарасты Тоқтамыс ауылында жас кәсіпкер Мәншүк Бауыржанқызы шағын бизнесті жолға қойып, ауыл өміріне жаңа дем беріп отыр. Бесқарағай өңірінің тумасы, 27 жастағы екі баланың анасы ауылда фаст-фуд өнімдерін дайындау ісін қолға алған.
Кәсіпкер бұл бағытты 2025 жылдың мамыр айында бастаған. Оның негізгі мақсаты — ауылда бұрын болмаған қызмет түрін енгізіп, жергілікті тұрғындарға қолжетімді өнім ұсыну. Осы мақсатта Мәншүк арнайы курстардан өтіп, суши мен донер дайындау технологиясын толық меңгерген.

Тоқтамыс ауылы — халқы шамамен 600 адамнан тұратын шағын елді мекен. Бастапқы кезеңде кәсіпті жүргізу оңай болмаған. Дегенмен, ауыл тұрғындарының қолдауы мен сенімі кәсіпкерге үлкен жігер берген. Жергілікті халық сырттан тапсырыс берудің орнына, ауылдағы кәсіпті қолдауға басымдық танытқан.
Мәншүк негізгі қызметімен қатар мектепте ұйымдастырушы-педагог ретінде еңбек етеді. Жалақының шектеулі болуы және бос уақыттың болуы оны қосымша табыс көзін іздеуге жетелеген. Кәсіпті бастау үшін қажетті құрал-жабдықтарды бөліп төлеу арқылы сатып алып, алғашқы өнімге шамамен 70 мың теңге көлемінде қаражат жұмсаған.

Кәсіп жолында белгілі бір қиындықтар да кездескен. Бір жағдайда өнімді сақтау талаптарының сақталмауы салдарынан шығынға ұшыраған. Алайда бұл тәжірибе кәсіпкер үшін сабақ болып, жұмысты одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берген.

Бүгінде Мәншүктің өнімдеріне тек өз ауылынан ғана емес, көршілес елді мекендерден де сұраныс артып келеді. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілер арқылы кәсібін дамытуға ден қойып, блог жүргізуді қолға алған.
Жас кәсіпкердің бастамасы — ауылда да еңбек пен ізденіс арқылы табысқа жетуге болатынын дәлелдейтін жарқын мысал.



