Татулықтың мерекесі Семейде

Семей қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ауқымды фестиваль ұйымдастырылды. Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында өткен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты шара өңірдегі татулық пен ынтымақтың айқын көрінісіне айналды.

Фестиваль барысында этномәдени көрмелер, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнер және әдеби алаңдар, балалар мен спорттық аймақтар жұмыс істеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Облыс әкімі Берік Уәли жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бірлік пен өзара құрметтің ел дамуы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде қалыптасқан қоғамдық келісім мен өзара түсіністік – тұрақтылықтың негізгі тірегі.
Қазіргі таңда облыста 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Жыл сайын бірлікті нығайтуға бағытталған мыңнан астам іс-шара өткізіледі.
Мерекелік шаралар өңір тұрғындарының бір шаңырақ астындағы татулығын тағы бір мәрте айқындады.



