Басты жаңалық

Алакөлде туристік маусым «Алакөл алаулары – 2026» фестивалімен салтанатты түрде ашылды

Бүгін Абай облысындағы Алакөл жағалауында 2026 жылғы туристік маусымның ресми ашылуына арналған «Алакөл алаулары – 2026» атты ауқымды мәдени-туристік фестиваль өтті. Жазғы демалыс маусымының басталуына орай ұйымдастырылған мерекелік шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өңір тұрғындарын, кәсіпкерлерді, туризм саласының өкілдерін және еліміздің түкпір-түкпірінен келген демалушыларды жаңа туристік маусымның ашылуымен құттықтады.

Фестиваль Алакөл жағалауында ашық аспан астында ұйымдастырылып, өңірдің туристік әлеуетін танытуға, мәдени өмірін жандандыруға және қонақтарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталды. Шараға мыңдаған тұрғын мен турист жиналып, еліміздің танымал өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Алакөлдің табиғи ерекшелігіне, тарихи құндылығына және еліміздің туризм саласындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көл жағалауындағы туристік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде Алакөл бүгінде Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының біріне ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудыратын халықаралық деңгейдегі туристік бағыттардың біріне айналып отыр.

Аймақ басшысы өз сөзінде Алакөлдің ғасырлар бойы табиғи сұлулығымен, шипалы суымен, ерекше климатымен саяхатшылар мен зерттеушілердің назарын аударып келгенін атап өтті.

«Сонау есте жоқ ескі замандардан сұлулықтың символы, даламыздың ең бір есте қалар көркем нүктесі ретінде ғалымдар мен саяхатшылардың, жиһангездердің жазбаларында тұтас Азия мен Еуропаға аты кеткен даңқты мекен – Алакөл. Бүгінде Алакөл еліміздің түпкір-түпкірінен ғана емес, көршілес мемлекеттер мен алыс шет елдерден туристер ағылып келетін ұйық мекен, жан тыныштығын сыйлайтын қайырлы қонысқа айналды.

«Алакөл алаулары» фестивалі биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі мәдени шаралардың біріне айналады деп сенеміз. Бүгінгі кешке Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек бастаған еліміздің маңдайалды өнерпаздары, бүгінгі жас толқынның талантты өкілдері арнайы келіп отыр. Баршаңызды еліміздің інжу-маржаны, ауасы бал, суы ем қасиетті Алакөлдегі биылғы жазғы туристік маусымның басталуымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі туристік маусым бойы Алакөл жағалауында мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтты. Оның айтуынша, шілде және тамыз айларының соңына дейін аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері арнайы концерттік бағдарламалар өткізіліп тұрады.

Бұл бағдарламаларға облыстың қала-аудандарынан келген шығармашылық ұжымдар, өнер мектептерінің тәрбиеленушілері, кәсіби әншілер мен бишілер, сондай-ақ «Абай елі – өнер кеніші» облыстық байқауының жеңімпаздары қатысады. Мұндай бастама өңір өнерін кеңінен насихаттап қана қоймай, туристердің демалысын мазмұнды әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік береді.

Фестивальдің негізгі концерттік бағдарламасында Қазақстанның Халық әртісі, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің талантты өкілі Дінисламбек Жайлаубай, сондай-ақ қазақ эстрадасының танымал әншілері Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай және Зарина Омарова өнер көрсетті.

Өнерпаздардың орындауындағы халық әндері, заманауи эстрадалық шығармалар мен күмбірлеген күйлер Алакөл жағалауына жиналған мыңдаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында көрермендер ұлттық өнердің бай мұрасын тамашалап, ерекше мерекелік атмосфераны сезінді. Концерттік бағдарлама заманауи жарық және дыбыс технологияларымен сүйемелденіп, ашық аспан астындағы сахнада ұйымдастырылды.

Мерекелік кештің соңында Алакөл аспанын түрлі түсті отшашулар көмкеріп, фестиваль әсерлі гала-концертпен аяқталды.

Айта кетейік, туристік маусым қарсаңында Алакөл жағалауында ауқымды инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес демалушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында инженерлік және коммуналдық инфрақұрылым жаңартылып, жағалау аумағы заманауи талаптарға сай жабдықталды.

Атап айтқанда, туристердің санитарлық жағдайын жақсарту үшін жағалауға 50-ден астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Сонымен қатар 35 заманауи душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған арнайы жәшік орналастырылды. Бұл жұмыстар жағалаудың тазалығын сақтауға және демалушыларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалау бойына жалпы ұзындығы 5 мың метр болатын қорғаныш қалқаншалар орнатылып, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау үшін 224 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтерінің және медициналық пункттердің жұмысы күшейтіліп, жағажайларда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Соңғы екі жыл ішінде көл жағалауындағы көлік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын көше жолдарына асфальт төселіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қосымша жұмыстар жүргізілді.

Биыл Үкіметтің қолдауымен Алакөл жағалауындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналатын электр қуаты тапшылығын шешуге арналған маңызды жоба бастау алды. Ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал – Алакөл» жоғары кернеулі электр желісінің құрылысы қолға алынды. Аталған жоба толық іске асқаннан кейін туристік аймақтың электрмен қамтылуы едәуір жақсарып, жаңа қонақ үйлердің, демалыс орындарының және туристік нысандардың ашылуына мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, өңірде туризмді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Бұл бастамалар Алакөлдің еліміздің жетекші туристік орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып, өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button