Донорларға төлем өсе ме?

Қазақстанда қан донорларына төленетін өтемақыны бірнеше есе арттыру ұсынысы әзірге қолдау таппады. Қаржы министрлігі бюджетке түсетін жүктемені алға тартып, нақты жауап берді.
Қазақстанда қан донорларын қаржылай ынталандыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Қазіргі қолданыстағы тәртіпке сәйкес, донорларға төленетін өтемақы мөлшері 0,25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе шамамен 1 081 теңге. Ұсыныс бойынша бұл соманы 1–1,25 АЕК-ке (4 325–5 406 теңге) дейін арттыру және «Құрметті донор» мәртебесін қайта енгізу қарастырылған. Алайда мұндай өзгерістер қосымша бюджет шығындарын талап етеді.
Министрдің айтуынша, 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте бұл мақсатқа жалпы 809,8 млн теңге қарастырылған:
– 2026 жыл – 257,8 млн теңге
– 2027 жыл – 274,2 млн теңге
– 2028 жыл – 277,8 млн теңге
Қаражат Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арқылы бөлініп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында игеріледі.
Сонымен бірге, Қаржы министрлігі өтемақыны бірнеше есе арттыру бюджетке қосымша салмақ түсіретінін атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Үкіметі 2025 жылғы 24 қыркүйектегі №792 қаулысына сәйкес, 2028 жылдың соңына дейін жаңа әлеуметтік шығыстарды қаржыландыруға мораторий енгізген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донорларды қосымша қолдау мәселесін жергілікті деңгейде шешуге болады. Мәслихаттар қосымша жеңілдіктер енгізе алады, ал әкімдіктер ерікті донорлықты дамыту шараларын жүзеге асырады.
Дегенмен, Қаржы министрлігі бұл бастамадан толық бас тартпайды. Қазіргі жағдайда материалдық емес ынталандыру тетіктеріне басымдық беру ұсынылып отыр. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуі тиіс.



