Жүзағаш үстіндегі жаңа көпір

Көкпекті ауданындағы Тассай ауылына апаратын көпірдің құрылысы биыл күзде аяқталып, пайдалануға беріледі. Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Тассай ауылдық округіне барып, Жүзағаш өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің құрылыс барысымен танысты.
Аталған көпірдің құрылысы өңір тұрғындары үшін ерекше маңызға ие. Өйткені 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде өзен суының көтерілуінен Тассай ауылына баратын аудандық маңызы бар жолдың 10-шақырымындағы көпірдің бір аралығы қирап қалған болатын. Соның салдарынан Тассай мен Үшкөмей ауылдарының тұрғындары аудан және облыс орталықтарына қатынау үшін ұзақ жолды айналып өтуге мәжбүр болды.

Мәселенің өзектілігін ескерген облыс басшылығы былтыр Жүзағаш өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жобасын қолға алды. Республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта ұзындығы 73 метр болатын жаңа көпір салынып жатыр.
Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, нысан осы жылдың күзінде пайдалануға беріледі. Алайда құрылысты толық аяқтау үшін қосымша қаржыландыру қажет.
Құрылыс алаңында болған облыс әкімі Берік Уәли көпірдің стратегиялық маңызын атап өтті.
– Бұл мәселе тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп келді. Көпір бұзылғаннан кейін халық 120 шақырымға дейін айналма жолмен жүруге мәжбүр болды. Қазір уақытша өткел арқылы қатынас қамтамасыз етілгенімен, тұрақты әрі қауіпсіз көпірдің маңызы зор. Сондықтан құрылыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Қажетті қаржыландыру мәселесін де қарастырамыз, – деді аймақ басшысы.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Мәметек автокөлік көпірінің жай-күйімен де танысты. 1970 жылы салынған нысан бүгінде әбден тозған. Мамандардың айтуынша, көпір көктемгі су тасқыны кезінде қауіп тудыруы мүмкін.

Тәулігіне 60-70 көлік қатынайтын маңызды өткелдің техникалық жағдайын зерделеген облыс әкімі жауапты басқармаларға көпірді күрделі жөндеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру шалғай ауылдардың көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Тассайға апаратын жаңа көпірдің пайдалануға берілуі екі ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің көлік байланысын нығайтатын маңызды жоба болмақ.



