Абай ауданындағы ғылыми басқосу

Абай облысында ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Абай ауданының Қарауыл ауылында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, өңірлік ғылымды дамыту, инновациялық жобаларды өндіріске енгізу және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Жиын Абай облысының әкімі Берік Уәлидің жас ғалымдармен кездесуінде берілген «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты кешенді жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Басқосуға Ғылыми кеңес мүшелері, аудан әкімдігі өкілдері мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Іс-шара аясында Шәкәрім университетінің ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалары таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрменің ашылу салтанатында Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов сөз сөйлеп, ғылым мен білімнің өңір дамуы үшін маңызын атап өтті.
Көшпелі отырыстың басты оқиғаларының бірі – Абай ауданы мен Шәкәрім университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Екі тараптың серіктестігі алғаш рет 2008 жылы бастау алған. Бүгінгі құжат сол тарихи байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ғылым, білім және өндіріс салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге жол ашты.
Ғылыми кеңестің ресми бөлімінде Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбеков аудан әкіміне және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдеріне марапаттар табыстады.
Сонымен қатар аудан бойынша 15 «Алтын белгі» үміткеріне «Шәкәрім білім грантының» сертификаттары тапсырылды. Бұл бастама дарынды түлектерді қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік жобаға айналып отыр. Егер 2024 жылы облыс бойынша 224 түлекке сертификат берілсе, 2025 жылы олардың саны 363-ке жеткен. Ал биыл мұндай мүмкіндікке 434 мектеп бітіруші ие болды.
Жиын барысында өңірлік ғылымның келешегі мен инновациялық дамуы мәселелері кеңінен талқыланды. Университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы мен интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай «Өңірлік ғылым: технологиялар, зерттеулер, даму» тақырыбында баяндама жасап, ғылым нәтижелерін нақты өндірістік секторға енгізудің тиімді тетіктерін ұсынды.
Сондай-ақ «Қасқабұлақ» ЖШС директоры Асқар Мұқатаев Австралияға жасаған іссапары барысында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, ауыл шаруашылығындағы озық технологияларды енгізудің артықшылықтарына тоқталды.
Күн тәртібінде аграрлық саланың өзекті мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Балнұр Ахметова қой шаруашылығындағы заманауи технологиялар мен фермерлерге арналған тиімді шешімдер туралы баяндама жасап, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолдарын ұсынды.
Отырыс соңында Ғылыми кеңестің қаулы жобасы жан-жақты талқыланып, өңір ғылымын дамытуға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
Қарауылдағы мазмұнды басқосу ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Өңірлік ғылымның әлеуетін күшейтіп, инновациялық жобаларды қолдауға негіз болған бұл жиын Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағалануда. Шәкәрім университеті алдағы уақытта да ғылыми ізденістер мен инновациялық жобаларды өңір игілігіне бағыттап, білім мен өндірістің тоғысқан орталығы ретіндегі миссиясын жалғастыра бермек.



