Абай облысында Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби мерекесіне арналған іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекеттік қызмет ардагерлері, түрлі салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Мерекелік басқосу барысында мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі маңызы, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, халыққа сапалы қызмет көрсету, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және кәсіби мемлекеттік қызметшілер корпусын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли мемлекеттік қызметтің елдің тұрақты дамуы мен мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуындағы ерекше рөлін атап өтті.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті жаңғыртуға, ашық әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтып, мемлекеттік қызметші ең алдымен халықтың сеніміне ие болуы керектігін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Мемлекеттік қызметші – ел мен халық арасындағы алтын көпір болуы тиіс». Бұл сөз мемлекеттік қызметтің негізгі мәнін айқын көрсетеді. Мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен елге адал қызмет етуді талап ететін мәртебелі міндет.

Ел алдындағы парызды адал атқарып, халықтың сенімін ақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы болуы тиіс. Қазіргі таңда облысымызда үш жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, экономика, қаржы, әлеуметтік қорғау, құқықтық қамтамасыз ету, цифрландыру және басқа да көптеген салаларда өңірдің тұрақты дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз арқылы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылады, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады, әлеуметтік мәселелер шешіледі, жаңа жобалар қолға алынады. Мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі. Сондықтан әрбір шешімде әділдік, ашықтық, кәсібилік пен жауапкершілік басты орында болуы қажет.
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланып, абыройларыңыз арта берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі өз сөзінде мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – халыққа қолжетімді, тиімді және ашық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру екенін атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және адал қызметімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Атап айтқанда, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысымен және «Барыс» төсбелгісімен марапатталды.
Абай облысының қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары кәсібилігі, тиімді басқарушылық қызметі және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісіне ие болды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған бірқатар азаматтарға «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталды.
Шараның ерекше сәттерінің бірі – алғаш рет мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген бірнеше қызметкердің ата-аналарын марапаттау болды.
Облыс әкімі олардың балаларына берген тәрбиесі, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, адалдыққа баулығаны үшін арнайы Алғыс хаттар табыс етіп, бұл бастама мемлекеттік қызметтің адамгершілік және тәрбиелік құндылықтарын дәріптеуге бағытталғанын атап өтті.
Мерекелік жиын барысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижелері де қорытындыланды.
Атап айтқанда, Абай облысы бойынша «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» байқауының жеңімпазы анықталды.
Байқау қорытындысы бойынша Абай облысының спорт және дене шынықтыру басқармасы бөлімінің басшысы Байарыстан Башенов үздік деп танылып, арнайы марапатқа ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, халықпен тиімді кері байланысты дамыту, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін көтеру және үздік тәжірибелерді кеңінен насихаттау.
Шара барысында мемлекеттік қызметтің бүгінгі даму бағыттары, цифрландыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, азаматтардың өтініштерін жедел қарау және халықпен ашық диалог орнату мәселелері де ерекше аталып өтті.
Қазіргі таңда облыста мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Соның бірі – Өңірлік кадр резерві жобасы.
Жоба дарынды, білімді және бастамашыл жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған.
Бүгінде өңірлік кадр резервіне енген 25 азаматтың 13-і мемлекеттік қызметке тағайындалып, түрлі мемлекеттік органдарда табысты еңбек етіп келеді.
Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа көзқарас пен тың идеялардың келуіне мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, облыста мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тетігі де тиімді жүзеге асырылуда.
Осы механизмнің нәтижесінде биылдың өзінде 40 жас маман мемлекеттік қызмет қатарына қабылданды.
Бұл жас кадрлардың мемлекеттік басқару жүйесіне ерте араласуына, тәжірибе жинақтауына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік береді.
Облыс басшылығы алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, кәсіби кадрларды даярлау, жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Көрермендерге Қазақстан эстрадасының танымал әншісі Қанат Үмбетов өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, жас драматург Жәнібек Әлікеннің табиғатты қорғау, азаматтық жауапкершілік, адалдық пен адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін «Қарағай» драмалық спектаклі сахналанып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара кәсіби мерекені атап өтумен қатар, мемлекеттік қызметтің қоғам алдындағы жауапкершілігін, халыққа адал қызмет етудің маңызын және елдің тұрақты дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.



