Абай облысында ІІІ ашық «Senat Open» шахмат кубогының ширек финалдық кезеңі басталды

Бүгін Семей қаласында ІІІ ашық «Senat Open» шахмат кубогының ширек финалдық кезеңі өз жалауын көтерді. Ауқымды республикалық турнир Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен ұйымдастырылып, оны Қазақстан шахмат федерациясы өткізуде. Абай облысында жарысты облыстық мәслихат, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Абай облысының шахмат федерациясы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және шахмат жанкүйерлері қатысты.
Жарыстың ашылуында Абай облыстық мәслихатының депутаты, экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Рафаиль Хазипов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, шахматтың ойлау мәдениетін қалыптастырудағы, стратегиялық қабілетті дамытудағы және интеллектуалды әлеуетті арттырудағы маңызын атап өтті.
Биыл ширек финалдық кезеңге Абай облысының қалалары мен аудандарынан барлығы 165 қатысушы жиналды. Олардың қатарында қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық кеңестердің мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Бұл турнирдің қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды біріктіретін беделді интеллектуалдық додаға айналғанын көрсетеді.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан тұрады. Мұндай жүйе барлық қатысушыларға өзара тең дәрежеде бақ сынауға мүмкіндік беріп, үздік шахматшыларды әділ анықтауға жағдай жасайды. Әр партияда ойыншылар логикалық ойлау қабілетін, тактикалық шеберлігі мен стратегиялық дайындық деңгейін көрсетеді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен 35 шахматшы жартылай финалдық кезеңге жолдама алады. Жартылай финал 20 маусымда Ұлытау облысында өтеді. Ал ІІІ ашық «Senat Open» шахмат кубогының республикалық финалы маусым айының соңында Астана қаласында ұйымдастырылып, еліміздің үздік шахматшылары бас қосады.
«Senat Open» турнирі соңғы жылдары Қазақстандағы ең ауқымды әуесқой шахмат жобаларының біріне айналды. Жарыстың басты мақсаты – шахмат спортын кеңінен насихаттау, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында интеллектуалдық спорт түрін дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеу.
Абай облысында өтіп жатқан ширек финалдық кезең өңірдегі шахмат спортының дамуына серпін беріп қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жаңа таланттарды анықтауға және қатысушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Турнир өңірдің спорттық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде шахматқа деген қызығушылықты арттырып, интеллектуалды спортты дамытуға өз үлесін қосуда.



