23 тамызға дейін не өзгереді?

Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық ресми түрде басталды. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет өтетін саяси науқанның күнтізбесі бекітіліп, партиялар кандидаттарды іріктеу мен сайлауалды жұмыстарын бастап кетті. Ал дауыс беру күніне дейін қандай негізгі кезеңдер жүзеге асады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызға белгіленді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын ұйымдастырудың негізгі күнтізбелік жоспарын бекітіп, барлық мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарын бастау жөнінде тапсырмалар берілді.
Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысында жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Құрылтай сайлауының ерекшеліктері талқыланды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаудың заң талаптарына сай, ашық әрі жария түрде өтуі басты міндет екенін айтты. Сонымен қатар барлық саяси партиялар мен кандидаттарға тең мүмкіндік жасау көзделген.
Бекітілген жоспарға сәйкес, алдағы апталарда партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу, кандидаттарды ресми тіркеу, сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру және сайлаушылар тізімін нақтылау кезеңдері өтеді. Сайлауалды үгіт жұмыстары да заңда белгіленген мерзімде ғана басталады.
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, елімізде 12,5 миллионнан астам азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген. Республика бойынша 10 427 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сондай-ақ шетелдегі қазақстандықтар үшін 64 мемлекетте 82 сайлау учаскесі ашылады.
Сайлаушылар тізімі учаскелік комиссияларға 2 тамызға дейін жолданады. Ал азаматтар өз деректерін 7 тамыздан бастап тексере алады. Осы күннен бастап есептен шығару куәліктері де беріле бастайды. Бұл процесс 22 тамыз күні кешкі сағат 18:00-де аяқталады.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы жоғары өкілді орган болып саналады. Оның құрамына жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутат кіреді. Олардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Қазіргі таңда сайлауға қатысуға жеті саяси партия жіберілген. Олар кандидаттар тізімін бекітіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыру жұмыстарын бастап жатыр. Заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс.
Сайлау комиссияларының дайындығына да ерекше назар аударылуда. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық және учаскелік деңгейдегі 71 мыңнан астам комиссия мүшесін қамтитын арнайы оқыту бағдарламасын іске қоспақ.
Осылайша, 23 тамызға дейін Қазақстанда сайлау науқанының негізгі кезеңдері кезең-кезеңімен жүзеге асады. Партиялық тізімдердің тіркелуі, сайлаушылар деректерінің нақтылануы, үгіт-насихат жұмыстары мен сайлау комиссияларының дайындығы алдағы саяси науқанның басты бағыттарына айналмақ.



