Мақаншыдағы жаз қызыққа толы
Мақаншы ауданында балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру жалғасуда. Биыл «Дарабоз» балалар сауықтыру орталығында 720 оқушы тынығып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады.

Абай облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірде оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын нығайтуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр.
2026–2027 оқу жылында Мақаншы ауданында 4549 оқушы білім алады. Жазғы демалыстың алғашқы кезеңінде, 1–20 маусым аралығында аудан мектептері жанынан ашылған лагерьлерде 1–4 сыныптың 1744 оқушысы тынықты. Балалар үшін танымдық, шығармашылық, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жазғы демалыстың мазмұнды өтуіне жағдай жасалды.

Жазғы сауықтыру маусымы 15 маусым мен 23 тамыз аралығында «Дарабоз» балалар сауықтыру орталығында жалғасады. Биыл мұнда 720 оқушы демалады. Оның 428-і – Мақаншы ауданынан, қалған 292-сі Абай және Ақсуат аудандарынан келеді.
Мақаншы ауданынан баратын 428 баланың жолдамасы жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен қаржыландырылған. Олардың қатарында әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылардан шыққан балалармен бірге ерекше күтімді қажет ететін 25 оқушы да бар.

Балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету, олардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді ұйымдастыру – өңірдегі білім беру саласының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жазғы кезең бойы тұрақты бақылауда болады.



