600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады
Абай облысында жалпы құны 57,7 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба мақұлданып, оларды іске асыру нәтижесінде 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, денсаулық сақтау, спорт және туризм салаларын қамтитын бірқатар инвестициялық жобалар қаралды.
Кеңесте Мақаншы ауданында «құрғақ порт» салу, 10 мың гектар алқапта күнбағыс өсіру, Семей қаласында логистикалық және қойма кешендерін, медициналық клиника, KFF Arena футбол манежі мен отбасылық-спорттық кешенін, 40 мың тоннаға арналған астық элеваторын және жол бойындағы туристік кешенді салу жобалары таныстырылды. Сонымен қатар Көкпекті ауданында тауарлы-сүт фермасын, Аягөз ауданында тау-кен өнеркәсібіне арналған химиялық реагенттерді сақтау және жөнелтуге арналған қойма кешенін іске асыру жоспарлары ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша жалпы құны 57,7 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба мақұлданды. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірде 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі бұл бастамалардың өңір экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Абай облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақтылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде қажетті қолдау шараларының толық көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет. Жобалардың барлығы тезірек әрі сапалы, жоспарланған мерзімге сай жүзеге асырылуына тілектеспіз», – деді Берік Уәли.
Өңірде инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның нәтижесінде инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін өсіп, олардың жалпы құны 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге жетті.

Қазіргі таңда облыста стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі жоба іске асырылуда. Олардың қатарында құны 577,5 миллиард теңгені құрайтын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы 714 миллиард теңгелік жаңа жылу электр орталығы және 255 миллиард теңге инвестиция тартылған тау-кен байыту комбинатының құрылысы бар.
Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканың түрлі салаларына серпін беріп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді.



