Мәдениет

Семейде сақталған алтын кітап

Әр парағы алтынмен апталған, салмағы шамамен 5 келі болатын аса құнды көне кітаптардың бірі Семейде сақталғанын білесіз бе?

Бұл — 1893 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген, Ресей империясының тағы мұрагері Николай Александровичтің Шығысқа жасаған әйгілі сапарына арналған сирек басылым. Кітаптың әр парағы алтынмен апталған. Сондықтан ол өз дәуірінде қарапайым оқырманның қолына түсе бермейтін аса қымбат әрі мәртебелі басылымдардың бірі болған.

1890–1891 жылдары 20 жасар Николай Александрович Шығыс елдеріне ұзақ сапарға аттанады. 300 күнге созылған бұл саяхат барысында Ресей тағының болашақ мұрагері жеті елге барып, олардың тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысады.

Сол тарихи сапардың шежіресін қағазға түсіргендердің бірі — князь Эспер Ухтомский. Ол саяхатқа қатысып қана қоймай, сапар барысын жан-жақты сипаттап, кейін оны көлемді еңбекке айналдырды.

Кітаптың көркемдік құндылығы да ерекше. Ол сол кезең үшін аса жоғары сапалы қағазға басылып, суретші әрі жазушы-этнограф Николай Каразиннің туындыларымен безендірілген. Саяхат кезінде көрген елдер мен қалалардың көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен табиғаты кітап беттерінде бейнеленген.

Басылым ағылшын, неміс және француз тілдерінде жарық көріп, сол заманның баспа өнері мен кітап мәдениетінің жоғары деңгейін көрсеткен.

Бүгінде мұндай басылымдар — жай ғана кітап емес, тұтас бір дәуірдің тарихын сақтап тұрған құнды жәдігер. Ал оның Семейде сақталуы қаладағы кітап қорының қаншалықты бай әрі тарихи маңызы зор екенін көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button