Балалар қауіпсіздігі бақылауда

Абай облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ержан Ақбаев мәлімдеді.
15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өңірде «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оған 357 қызметкер жұмылдырылған.
Іс-шара аясында балалардың қараусыз қалуы мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 167 рейд ұйымдастырылды. Оның 78-і балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алуға, 89-ы су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылармен 36 профилактикалық іс-шара өткізіліп, өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 бала анықталды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша 6, ал жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алу бағытында 9 іс-шара ұйымдастырылды.
Профилактикалық рейдтер барысында полиция бөлімдеріне 609 кәмелетке толмаған бала жеткізілген. Оның ішінде 32 жасөспірім қараусыз және панасыз жүргені үшін, біреуі қылмыс жасауына байланысты жеткізілген. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 576 кәмелетке толмаған бала анықталды.
Полиция мәліметінше, анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына қатысты.
Осы бағытта 550 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның 541-і сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғынжайдан тыс жерде болуға қатысты болса, 9 жағдай жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүруіне байланысты тіркелген.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол қауіпсіздігі тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 109 нұсқама енгізілді.



