Ұшақта «бомба» деп әзілдеуге болмайды

Әуе кемесінің бортында «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» сияқты сөздерді әзіл ретінде айтуға да болмайды. Мұндай мәлімдемелер авиациялық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қабылданып, арнайы рәсімдердің іске қосылуына себеп болуы мүмкін.
Бұған Алматы – Ақтау бағытындағы рейсте болған жағдай мысал. Жолаушылардың бірі бортта «бомба» деген сөз айтқан. Осыдан кейін оқиға орнына авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көліктік полиция шақырылып, жолаушы рейстен түсірілген. Нәтижесінде әуе кемесінің ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешіккен.
Осындай жағдайларда ұшақ пен жолаушылардың багажы тексеріледі. Қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуациялануы мүмкін. Бұл әуежай мен әуе компаниясына қосымша шығын келтіріп қана қоймай, басқа жолаушылардың да уақытын жоғалтып, қолайсыздық туғызады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сондықтан әуежайда да, ұшақ бортында да қару, жарылғыш зат, терроризм немесе әуе кемесін басып алу туралы орынсыз сөздер айтып, әзілдеуден бас тартқан жөн. Авиациялық қауіпсіздікке қатысты кез келген ақпарат мамандар тарапынан шынайы қауіп ретінде қабылдануы мүмкін.



