Туризм

Шәуешекте Қытай мен Қазақстан арасындағы мәдениет және туризм ынтымақтастығы талқыланды

Шыңжаңның Шәуешек қаласында 2026 жылғы Шыңжаң·Шәуешек Бақты форумы аясында «Жібек жолы Орталық Азиямен жалғасады, мәдениет пен туризм болашақты бірге құрады» тақырыбында мәдениет және туризм ынтымақтастығы жөніндегі пікір алмасу жиналысы өтті.

Жиында Қытай мен Қазақстан арасындағы шекарааралық мәдениет және туризм байланыстарын кеңейту, гуманитарлық алмасуды дамыту және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды. Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюы мәдениет пен туризм салаларына оң әсер етіп отырғанын атап өтті.

Қытай-Қазақстан мәдениет алмасу жылы аясында екі елде бірқатар гуманитарлық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Туризм саласындағы байланыстарға Қазақстан туризмі жылы мен Қытай туризмі жылы, туристік таныстырылымдар және өзара визасыз режимнің енгізілуі серпін берді.

Кездесуде Қазақстанға келетін қытайлық туристер санының өсуіне байланысты туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жетілдіру қажеттігі айтылды. Қытайлық кәсіпорындарды Қазақстандағы қонақүйлер, демалыс орындары мен туристік жобаларға инвестиция салуға, сондай-ақ бірлескен туристік өнімдер әзірлеуге шақыру ұсынылды.

Тараптар Шыңжаң мен Қазақстанның географиялық жақындығы, ортақ тарихи-мәдени байланыстары және Шәуешек–Бақты бағытының маңызын атап өтті. Шекарааралық туристік бағыттарды қалыптастыру, туристік ресурстарды тиімді пайдалану және екі елдің туристік агенттіктері, қонақүйлері мен инвестициялық ұйымдары арасындағы практикалық ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар мәдени іс-шаралар, өнер көрмелері, спорттық жарыстар және жастар алмасуы арқылы гуманитарлық байланысты жандандыруға басымдық берілетіні айтылды. Жиын қорытындысында Бақты форумы Шәуешектің өткелдік мүмкіндіктерін Қазақстанның туристік ресурстарымен ұштастырып, Қытай-Қазақстан мәдениет және туризм ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button