Басты жаңалық

Семейде «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі өтті

Семейде Республика күніне орай алғаш рет «ABAI ШЕБЕР FEST» облыстық этнофестивалі ұйымдастырылды. Ұлттық қолөнерді дәріптеуге арналған шарада шеберлердің туындылары таныстырылып, этнодизайнерлердің сән көрсетілімі мен шығармашылық кездесулер өтті.

Фестивальге Семей қаласы мен облыс аудандарынан келген қолөнер шеберлері, зергерлер, этнодизайнерлер және ұлттық киім тігетін мамандар қатысты. Сондай-ақ Астанадан арнайы шақырылған дизайнерлер тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға шеберлік сағаттарын өткізді.

Көрмеде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қолдан тігілген киімдер, ағаш пен былғарыдан жасалған туындылар ұсынылды.

Шара барысында Абай облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Ыдырышева ұлттық өнерді сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

«Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қолөнердің қадірін арттыруға бағытталған. Көрмеге қойылған әрбір бұйымның артында шебердің маңдай тері, төзімі мен сүйіспеншілігі, сондай-ақ ұлтқа және мемлекетке деген құрметі жатыр», – деді Гүлнұр Ыдырышева.

Салтанатты шара аясында шеберлерге Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлының алғыс хаттары табысталды. Марапаттарды Гүлнұр Ыдырышева тапсырды.

Абай облысы «Қоғамдық келісім орталығы» директорының міндетін атқарушы Самат Карибжановтың айтуынша, фестиваль ұлттық қолөнерді жаңғыртуға және шеберлер арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

«Басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, атадан балаға мұра болып қалған қолөнерімізді қайта жаңғырту. Фестивальге Семей қаласы мен аудандардан келген шеберлермен қатар, Астанадан арнайы шақырылған, халықаралық деңгейде танылған дизайнерлер қатысты. Олар жергілікті шеберлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті», – деді Самат Карибжанов.

Фестивальдің мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. Көрермендер «Бәйге» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы күйлерді тыңдап, домбырашылар ансамблінің өнерін тамашалады. Халық әндері шырқалып, «Тұмар» бишілер ансамблі батырлар биін ұсынды.

Сонымен қатар Астанадан келген «Zeken-MoDa» сән студиясының этно-fashion көрсетілімі ұйымдастырылып, ұлттық нақыштың заманауи сәндегі көрінісі таныстырылды.

«ABAI ШЕБЕР FEST» этнофестивалі дәстүрлі қолөнер мен заманауи өнерді ұштастырып, ұлттық мұраны дәріптеуге және өңір шеберлерінің шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button