Шағангүл Алдамжарқызы: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру»
Мұғалімнің кәсіби беделін қорғау, артық есептілікті азайту және білім беру жүйесіндегі жауапкершілікті күшейту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауында көтерілген маңызды мәселелердің бірі. Бұл бастамаларға қатысты Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Алдамжарқызы өз пікірін білдірді.
Президенттің айтуынша, оқу-ағарту саласындағы кез келген реформа ең алдымен мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оған түсетін артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Алайда қағазбастылықтың орнына түрлі цифрлық платформалар мен жүйелердегі есептіліктің көбеюі бұл міндеттің толық орындалмай отырғанын көрсетеді.
Ұстаздың басты міндеті – балаға сапалы білім беріп, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан педагогтің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық міндеттерді қысқарту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептердегі мұғалім беделіне қатысты мәселеге де тоқталды. Соңғы уақытта оқушылар тарапынан ұстаздарға дөрекі сөйлеу, тіпті күш қолдану жағдайлары кездесетіні айтылды. Мұндай жағдайда мектеп әкімшілігі мұғалімге қысым көрсетпеуі керек.
Президент әрбір жағдайды жан-жақты қарастырып, оған отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп бірдей жауапкершілікпен қарауы қажеттігін жеткізді. Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл бағыттағы жұмысты жіті бақылауда ұстауы тиіс.
Білім беру жүйесіндегі реформалардың түпкі мақсаты – мұғалімге қолайлы жағдай жасап, оның басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беруге мүмкіндік жасау.



