Басты жаңалық

Қасым-Жомарт Тоқаев: Сенім бар жерде тұрақтылық орнайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына, Халықаралық бейтараптық күніне және Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған халықаралық форумға қатысты.

Шара барысында Президент Түрікменстан халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Президент Сердар Бердімұхамедовті елдің бейтараптық мәртебесінің 30 жылдығымен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның бейтараптық саясаты бүкіл Еуразия кеңістігінің тұрақтылығы мен орнықты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, форумда көтерілген бастамалар ХХІ ғасырдағы бейтараптықтың жаңа қырларын ашып, халықаралық қауымдастықтың көзқарасына тың серпін береді.

Сонымен қатар Президент Түрікменстанның бейтарап саяси бағыты түрікмен халқының сан ғасырлық мәдениеті мен рухани құндылықтары табиғи үйлесім табатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде түрікмен ойшылы, классикалық әдебиеттің негізін қалаушы Мақтымқұлы Пырағының:

«Тыныштық болса ел өседі, әділдік болса сенім күшейеді» деген даналық сөзін келтіріп, бұл ойдың қазіргі күрделі геосаяси кезеңде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button