Семейде Президенттің жаңа жылдық шыршасы өтті

Жаңа жыл қарсаңында Семей қаласында «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты Президенттің дәстүрлі шыршасы өтті. Мерекелік шараға Абай облысының барлық аудан-қалаларынан 200 оқушы қатысты.
Шыршаға 9–13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық өмірде жетістікке жеткен үздік оқушылар шақырылды.
Балаларды облыс әкімі Берік Уәли құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік лебізін жеткізді. Шара алғаш рет «Арена» спорт кешенінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарламада театрландырылған қойылым көрсетіліп, балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуы кештің сәнін арттырды.
Шара соңында әр балаға Президент атынан 120 мың теңгелік сыйлық сертификаты, тәттілер мен ойыншықтар салынған жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, облыстың бес оқушысы Астанада өткен «Жаңа жыл Республика төрінде» атты республикалық Президент шыршасына қатысты.



