Білім

Абай облысында Akelius цифрлық тілдерді оқыту бастамасы іске қосылды

Абай облысында білім алушылардың сапалы тілдік білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған Akelius цифрлық тілдерді оқыту бастамасының кеңейтілген нұсқасы іске қосылды. Жоба цифрлық инновациялар мен аралас оқыту модельдерін енгізу арқылы жүзеге асырылып отыр. Бастама Международный университет информационных технологий (МУИТ) университетімен ынтымақтастық туралы меморандум аясында, Akelius платформасын әзірлеушілермен және ұлттық лингвистикалық сарапшылармен әріптестікте іске асуда.

Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстанда тілдік білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Әсіресе оқу үлгерімінен артта қалу қаупі бар білім алушылар үшін цифрлық білім беру ресурстарын және жергілікті жағдайға бейімделген аралас оқыту модельдерін енгізу көзделген.

Пилоттық режимде бастама Семей қаласындағы №10, №20 және №50 орта мектептерін қамтып отыр. Бұл білім беру ұйымдарында жоба әртүрлі дайындық деңгейіндегі оқушыларды қамту аясын кеңейтіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін цифрлық технологиялар арқылы тең дәрежеде меңгеруге мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру аясында әр мектепке сатып алынатын жабдықтарға жұмсалатын инвестиция көлемі 4,5 миллион теңгені құрайды. Бұл мектептердің цифрлық оқыту инфрақұрылымын нығайтып, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Инициативаны жүзеге асырудың негізгі бағыттарына Akelius платформасында қазақ тілінің A0–A1 деңгейлеріне арналған цифрлық курсты апробациялау және кейіннен ауқымын кеңейту, ИКТ-инфрақұрылымы шектеулі мектептерде цифрлық оқуға қолжетімділікті арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, инклюзивті цифрлық педагогика әдістерін меңгеру, аралас оқытуды басқару және жеке білім беру траекторияларын құру кіреді. Сонымен қатар білім беру жүйесіне Akelius тәсілдерін ұзақ мерзімді енгізу үшін тәжірибе және әдістемелік шешімдер алмасудың тұрақты тетіктері қалыптастырылмақ.

Жобадан күтілетін нәтижелер қатарында заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы білім алушылардың тілдік дайындығының жақсаруы, педагогтердің цифрлық және әдістемелік құзыреттіліктерінің артуы, сондай-ақ ұлттық білім беру стандарттары мен білім беруді цифрлық трансформациялау міндеттеріне сай келетін тұрақты аралас оқыту моделінің қалыптасуы бар.

Семей қаласында Akelius бастамасының іске қосылуы — Абай облысында әрбір баланы қолдауға бағытталған, заманауи, инклюзивті және технологиялық тұрғыдан жабдықталған білім беру ортасын дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button