Смартфон емес, сана маңызды

Бүгінде телефон – әр оқушының серігі. Алайда оның шамадан тыс қолданылуы баланың зейіні мен үлгеріміне кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан қазір бірқатар мектептер мен университеттер сабақ кезінде телефон қолдануға шектеу қойып жатыр.
Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері бұл жүйені енгізгеннен кейін оқушылардың сабаққа қызығушылығы мен тәртібі жақсарған. Семей қаласындағы кей мектептер де осындай тәжірибені қолға алды. Мұнда оқушылар мектепке кіргенде телефондарын арнайы жәшікке тапсырады. Бұл тәсіл олардың сабаққа зейінін арттырып, бір-бірімен қарым-қатынасын күшейткен.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл бастаманы қолдап, мектептерде смартфон ұстауға шектеу қоюды ұсынды. Оның айтуынша, әлем елдерінің 40 пайызынан астамында мұндай тәжірибе бар. «Мәселе тыйымда емес, балаларды технологияны саналы қолдануға үйретуде», – дейді ол.
Мысалы, Шәкәрім университетінде студенттер маңызды сабақтарда телефон ұстамайды, бірақ ізденіс пен зерттеу үшін еркін пайдалана алады. Бұл еркіндік пен тәртіптің үйлесімін сақтауға мүмкіндік береді.
Телефонды шектеу – тыйым емес, баланың назарын білімге бұру тәсілі. Негізгі мақсат – саналы қолдану мәдениетін қалыптастыру. Технология баланың қолында емес, пайдасына жұмыс істеуі тиіс.



