Әскери-патриоттық білім беретін ерекше оқу орны назарда

Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков жұмыс сапары аясында Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатына барды. Сапар барысында білім беру ұйымының қызметі мен материалдық-техникалық базасы жан-жақты зерделенді.
1995 жылы құрылған бұл оқу орны әскери бағыттағы, интернат үлгісіндегі бірегей білім мекемесі болып саналады. Қазіргі таңда мұнда 500-ге жуық оқушы білім алуда. Лицейде 5–11 сынып аралығында жалпы орта білім берумен қатар, әскери дайындық негіздері оқытылып, оқушыларға отансүйгіштік, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттері қалыптастырылады.
Білім ордасының басты мақсаты – елін қорғайтын, рухы биік, жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеу. Құрылған күннен бері оқу орнын 1251 түлек тәмамдап, олардың бірқатары әскери жоғары оқу орындарына түсіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып келеді.
Жұмыс сапары барысында мектептің материалдық-техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Аумақ тазалығы, электр желілерінің қауіпсіздігі, сондай-ақ жасыл желекті көбейту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, спорт залына жөндеу жұмыстарын жүргізу және оқу кабинеттеріндегі жабдықтарды жаңарту қажеттігі атап өтілді.
Осыған байланысты тиісті құжаттарды әзірлеп, нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Оқушылардың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуі – басты міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.



