Үржарлық оқушы «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасында үздік атанды

Абай облысының Үржар ауданынан шыққан оқушы Эльнара Молданова «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік жобасының апталық ойынында жеңімпаз атанды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жоба еліміздегі дарынды оқушыларды анықтауға бағытталған республикалық деңгейдегі білім сайысы. Ол қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Эльнара Үржар ауданы, Науалы ауылындағы Қойшыбай Төлеубеков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы. Ол бұған дейін де түрлі пәндік олимпиадаларда топ жарып, білімге деген жоғары ынтасын дәлелдеген.
Мамандардың айтуынша, бұл жетістік өңірдегі білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың және ұстаздар еңбегінің нәтижесі.

Жобаның жаңа маусымы бірқатар жаңашылдықпен ерекшеленеді. Атап айтқанда, шешуші кезеңдегі кей тапсырмалар алғаш рет жасанды интеллект көмегімен әзірленген. Бұл зияткерлік ойынның заманауи форматқа бейімделгенін көрсетеді.



