Білім

«Болашақ» шәкіртақысы ұлғаюы мүмкін

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шәкіртақы көлемін арттыру мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, шәкіртақы мөлшерін қайта қарау қажеттілігі бұрыннан туындаған. Себебі төлемдер 15 жылдан астам уақыт бойы индексацияланбаған. Соның салдарынан қазіргі өмір сүру құнының өсуі мен инфляция деңгейі шәкіртақының жеткіліктілігіне әсер еткен.

Саясат Нұрбектің сөзінше, ірі қалалардағы, әсіресе Лондон мен Нью-Йорк секілді мегаполистердегі шығындардың артуы стипендиаттарға қосымша жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Бұл өз кезегінде білім сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар шәкіртақыдан айырылу жағдайлары мен өзге де мәселелер жиілеген.

Қазіргі уақытта министрлік шәкіртақыны арттырудың нақты тетіктерін пысықтап жатыр. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Бұл мәселе қосымша бюджет қаражатын бөлуді немесе «Халықаралық бағдарламалар орталығының» ішкі ресурстарын қайта қарауды талап етуі мүмкін.

Министр ықтимал шешімдердің бірі ретінде шәкіртақы иегерлерінің санын оңтайландырып, үнемделген қаражатты ай сайынғы төлемдерді көбейтуге бағыттауды атады. Оның айтуынша, нақты шешім жаңа оқу жылына дейін қабылдануы мүмкін.

Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы да трансформацияланып, басымдық атом энергетикасы, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік сияқты тар бағыттарға беріліп келеді. Бұл өзгерістер бағдарламаның тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жалпы, министр ғылым, стартап және өндірісті біріктіретін жаңа модель енгізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жоғары білім беру жүйесінде сапасыз оқу орындарын қысқарту, қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button