Шәкәрім университетінің Science-профессоры үздік 500 ғалымның қатарына енді

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Халықаралық бағдарламалар орталығы жүзеге асыратын Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы аясында іріктеу нәтижелері белгілі болды. Бағдарлама қорытындысы бойынша Шәкәрім университеті Science-профессоры Әділет Мұхитұлы Сүгірбай еліміздің үздік 500 ғалымының қатарына енді.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңа нақты ахуалда: іс-қимыл уақыты» атты Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріп, озық ғылыми тәжірибе мен заманауи технологияларды отандық ғылымға енгізу.
Ғылыми тағылымдама шетелдің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде ғылыми және ғылыми-техникалық кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға, халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Әділет Сүгірбай Ұлттық ғылым академиясы тағайындайтын «Қазақ ғылымының үміті» атты беделді марапаттың иегері атанған болатын. Бұл жетістік ғалымның ғылыми еңбегіне берілген жоғары баға ретінде бағаланады.



