Ақпанда Семейде қандай өзгерістер күтіледі?

2026 жылдың ақпан айы Семей қаласы үшін де бірқатар маңызды жаңалықтармен басталмақ. Білім беру, әлеуметтік төлемдер, қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық өмірге қатысты өзгерістер қала тұрғындарына тікелей әсер етеді.
Алдымен білім саласына тоқталсақ, биыл бірінші сыныпта оқитын семейлік оқушыларға қосымша демалыс беріледі. Қосымша демалыс 9–15 ақпан аралығында өтеді. Бұл бастауыш сынып оқушыларының қыс мезгіліндегі оқу жүктемесін жеңілдетуге бағытталған.
Ауа райына қатысты болжам бойынша, ақпан айында Семей қаласында қысқы аяз сақталады. Күндізгі және түнгі температура −13…−18 градус шамасында болуы мүмкін. Ай соңына қарай ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы күтіледі.
Әлеуметтік салада да маңызды өзгерістер бар. Ұлттық қордан бөлінетін балаларға арналған мақсатты жинақтар 1 ақпанға дейін семейлік жасөспірімдердің есепшоттарына аударылады. Атап айтқанда, 2008 жылы туған, биыл 18 жасқа толатын қала тұрғындары бұл қаражатты өз мақсаттарына пайдалана алады.
Рухани өмірде қасиетті Ораза айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Семей қаласының мешіттерінде ауызашарлар мен діни шаралар ұйымдастырылып, Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні аталып өтеді. Ораза айт мерекесі 20 наурызға сәйкес келеді.
1 ақпаннан бастап Семейдегі мектептерде, балабақшаларда, лагерьлерде және балаларға арналған өзге де мекемелерде бақылаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Алғашқы тексеру барысында айыппұл салынбайды, анықталған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беріледі. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін арттыруды көздейді.
Сонымен қатар, қала аумағында пайдалануға берілетін нысандарға қатысты өрт қауіпсіздігі талаптары күшейтіледі. Ақпан айынан бастап адамдар жаппай жиналатын ғимараттар мен биіктігі 28 метрден асатын нысандарды іске қосу үшін өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік туралы міндетті қорытынды қажет болады.
Кәсіпкерлер үшін де маңызды мерзімдер белгіленген. Семей қаласында жеңілдетілген декларация режимінде жұмысын жалғастырғысы келетін жеке кәсіпкерлер 1 наурызға дейін салық органына хабарлама тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады.
Осылайша, ақпан айында Семей қаласының тұрғындарын әлеуметтік, білім беру және қоғамдық өмірге қатысты бірқатар өзгерістер күтіп тұр.



