Ғалымдар құс етін сақтау технологиясын жаңартты

Отандық ғалымдар салқындатылған құс етін сақтау мерзімін үш есеге дейін арттыратын жаңа технология әзірледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жаңа әдіс 0±1 °C температурада өнімді 20 тәулікке дейін сақтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — технологияда нитраттар мен нитриттер қолданылмайды.
Зерттеуді Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты жүргізген. Ғалымдар әзірлеген биоконсервант Pseudomonas, Salmonella және Listeria сияқты қауіпті бактериялардың дамуын тежейді. Сонымен қатар оның құрамында улы химиялық қоспалар жоқ және «Clean Label» қағидатына сай келеді.
Мамандардың айтуынша, бұл шешім өнімнің микробиологиялық бұзылуын баяулатып, сапасын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.
Жоба өндірістік сынақтан өткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі технологияны кең көлемде енгізуге дайын екенін мәлімдеді.
FAO деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай құс еті әлемдік ет нарығының шамамен 41%-ын құрайды.



