Қазақстанға 5,2 млрд доллар құйылды

Еуразиялық даму банкі Қазақстан экономикасына салатын инвестиция көлемін айтарлықтай арттырды. Соңғы төрт жылда елге 5,2 миллиард доллар бағытталған. Бұл көрсеткіш алдыңғы 15 жылдағы инвестиция көлемімен тең.
Бұған дейін банк жыл сайын шамамен 1 миллиард доллар құйып келсе, соңғы жылдан бастап бұл сома 1,5 миллиард долларға дейін өсті. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектенов пен банк басқарма төрағасы Николай Подгузовтың кездесуінде талқыланды.
Қазіргі таңда Қазақстан Еуразиялық даму банкінің инвестициялық портфелінде 64,9% үлеске ие. Бұл ел экономикасына деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.
Негізгі қаржы өнеркәсіп, энергетика, көлік инфрақұрылымы және қаржы секторына бағытталған. Сонымен қатар Үкімет базалық инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тартудың маңызын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қаржылық қолдау ел экономикасының тұрақты өсіміне оң әсер етеді.



