Семей жастары қолдау білдірді

Семей қаласында жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған ауқымды акция өтті. Іс-шара «Арена» спорт кешенінде «Семей» мен «Бәйтерек» командалары арасындағы футзал матчымен қатар ұйымдастырылды.
Қазақстан чемпионатының 28-туры аясында өткен тартысты кездесуді облыс әкімі Берік Уәли жанкүйерлермен бірге тамашалады. Матч барысында өңір жастары бастамашы болған акцияға шамамен 5 мың адам қатысты.
Ойын алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы алдағы референдумның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдегі саяси реформалардың жалғасы әрі мемлекет дамуына бағытталған стратегиялық қадам.

Сондай-ақ, әкім «Семей» футзал клубының өңір спортына қосып жүрген үлесіне тоқталды. Команда аз уақыт ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйер сеніміне ие болған. Биыл клуб UEFA Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алып отыр.
Матч нәтижесі де жанкүйерлерді қуантты. «Семей» футзал клубы оралдық «Бәйтерек» командасын 3:1 есебімен жеңді.
Айта кетейік, ойын алдында команда капитаны Шыңғыс Есенаманов Қазақстан кубогын облыс әкіміне салтанатты түрде табыстады.



