Наурыз қарсаңында Семейде жаңа мәдени бастама жарияланды

Абай облысында «Семейдің мәдени маусымдары» атты жаңа мәдени жоба бастау алды. Алғашқы шара Наурыз мейрамы қарсаңында, жалпыұлттық «Наурызнама» онкүндігі аясында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында өтті.
Амал мерекесіне орай ұйымдастырылған «Семей көктемі» фестивалінде алаңға сахна орнатылып, киіз үйлер тігілді. Мерекелік бағдарлама театрландырылған көрініспен басталып, онда үлкендер мен жастардың көрісуі, «Амал құтты болсын!» деп қауышу дәстүрі мен аластау рәсімі көрсетілді.

Шараға қатысқан Абай облысының әкімі Берік Уәли тұрғындарды алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысы 2024 жылы мақұлдаған «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурыз мерекесі жаңартылған форматта, онкүндік аясында аталып өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – Наурызды бір күндік мереке емес, ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру.
Сондай-ақ облыс әкімі өңірдің мәдени өміріне серпін беретін «Семейдің мәдени маусымдары» атты жаңа жобаның басталғанын жариялады.

Жоба аясында өңірдегі мәдени іс-шаралар жылдың төрт мезгіліне сәйкес ұйымдастырылады. Яғни, «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы» атты мәдени маусымдар арқылы жыл бойы ұлттық өнер мен мәдениет кеңінен насихатталмақ.
Берік Уәли бұл бастаманың рухани негізі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының төрт мезгілге арналған классикалық өлеңдерімен сабақтас екенін атап өтті.
Сонымен қатар аймақ басшысы Семейді дамыту және көркейту бағытындағы жұмыстар биыл айтарлықтай күшейетінін жеткізді. Оның айтуынша, 2026 жылы қалада 100 аула абаттандырылып, 100 аулаға асфальт төселеді, сондай-ақ 100 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 100 көше жарықтандырылады.

Айта кетейік, өткен жылы Семейде 35 аула абаттандырылып, 40 аулаға асфальт төселді. Сонымен бірге 52 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 15 көшеге жарық орнатылды.
Мерекелік концертте өңірдің өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Жалпы, «Наурызнама» онкүндігі аясында Абай облысында 300-ден астам мәдени, әлеуметтік және спорттық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.



