Жұбанов қамқоршыларға жәрдемақы тағайындауды ұсынды

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толған азаматтарды күтетін қамқоршыларға арналған жаңа әлеуметтік төлем енгізу ұсынылды. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов көтерді.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда мұндай азаматтарға күтім жасайтын қамқоршыларға арнайы мемлекеттік төлем қарастырылмаған. Ол бұл бағытта халықаралық тәжірибеге назар аударды. Мәселен, Еуропа елдерінде күтім жасау қызметі әлеуметтік маңызы бар жұмыс ретінде мойындалып, қамқоршыларға өтемақы төленеді. Сонымен қатар күтім кезеңі еңбек өтіліне қосылып, зейнетақы жарналары мемлекет есебінен төленеді.
Осыған байланысты Әділ Жұбанов Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау, күтім жасау уақытын еңбек өтіліне енгізу және зейнетақы жарналарын бюджет есебінен төлеу мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, депутат бұл санаттағы азаматтардың құқықтық мәртебесін әлеуметтік қорғау жүйесінде ресми түрде бекіту қажеттігін атап өтті.



