Қасқабұлақ – ырыс қонған тұрақ

Абай облысы Абай ауданына қарасты Қасқабұлақ ауылы – табиғи ерекшелігі мен тұрақты әлеуметтік дамуы үйлесім тапқан елді мекендердің бірі. Ауыл Қарауыл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 92 шақырым жерде, Ханшыңғыс жотасының сілемінде, Қасқабұлақ өзенінің бойында орналасқан. Географиялық орналасуы мен көлік қатынасының қолайлылығы ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырып отыр.
Бүгінде Қасқабұлақта 1051 тұрғын, 272 аула бар. Ауыл экономикасының негізін 54 шаруа қожалығы мен 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрайды. Халық толықтай ауызсумен және интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі жолға қойылған. Ауылда орта және бастауыш мектеп, кітапхана, мәдениет үйі, фельдшер-акушерлік пункт жұмыс істейді. Сонымен қатар 50 орындық балабақша мен 25 балаға арналған мектеп-интернат (күніне төрт мезгіл тегін тамақпен қамтылған) тұрғындарға қолжетімді қызмет көрсетуде. Мешіт, сауда нысандары және мал сою алаңы да ауыл қажеттілігін өтеп отыр.
Мәдени өмір де назардан тыс қалмаған. Мәдениет үйінде апта сайын жаңа фильмдер көрсетіліп, тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасалған.

Ауыл әкімі Қасқабұлақтың бүгінгі дамуы мен әлеуетіне тоқтала келе:
– Қасқабұлақ – еңбек пен бірліктің арқасында өсіп-өркендеп келе жатқан ауыл. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру және ауылға қажетті барлық жағдайды жасау. Қазіргі таңда инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді, – деді.
Сонымен қатар, ауылда «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында қоныс аударушыларды қолдау шаралары қолға алынған. Жергілікті шаруашылықтар тарапынан көшіп келетін отбасыларға нақты көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, үш баламен келетін отбасыларға 2 ірі қара, 1 жылқы және 10 бас ұсақ мал беру қарастырылған.

– Біз ауылға көшіп келемін деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз. Бұл – ауылдың дамуына жаңа серпін беретін маңызды бағыт, – деді ауыл әкімі.
Қасқабұлақ – қалыптасқан инфрақұрылымы, еңбекке қолайлы ортасы және болашағы айқын ауылдардың бірі.

