Абай демалыс картасына шықты

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына сапары кезінде туризмді дамыту жобаларымен танысты. Негізгі бағыт — Алакөл жағалауын жаңғырту мен Семейдегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталық.
Алакөлде туристік аймақ кеңейтіліп, инфрақұрылым жаңарады. 2025 жылы 1 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржы 10 млрд теңгеге дейін өседі. Жағалау абаттандырылып, жол, жарық, интернет және қауіпсіздік жүйелері жақсартылады.

Жоспар бойынша, Алакөл аумағы 3 мың гектарға дейін ұлғайып, күніне 75 мың турист қабылдай алады.
Ал Семейде жаңа аудан салынады. Онда тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар және түрлі әлеуметтік нысандар бой көтереді. Жоба 75 мың адамға арналған.
Үкімет өңірді жан-жақты дамытуға басымдық беріп отыр. Туризм өсіп келеді: өткен жылы ел ішінде саяхаттағандар саны 10 млн-нан асты.
Абай облысы енді ірі туристік бағыттардың біріне айналуды көздейді.



