Семейде ТКШ жүйесі жаңғыртылуда

Семей қаласында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты өңірлік форум өтті. Іс-шара Әлихан Бөкейхан университетінде «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында ұйымдастырылды. Форумға Абай облысының әкімі Берік Уәли және партия хатшысы Ержан Жылқыбаев қатысты.

Форум барысында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың өзекті мәселелері, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы, сондай-ақ тұрғындармен тиімді өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды. Басқару жүйесін жетілдіру, ашықтықты арттыру және цифрландыру бағытындағы шараларға ерекше назар аударылды.

Жиында Семей және Курчатов қалаларының тәжірибесі ұсынылып, саладағы нақты мәселелер мен оларды шешу жолдары айтылды. Қатысушылар тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттырудың маңызын атап өтті.
Форум аясында партия қатарына жаңа мүшелер қабылданып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Жалпы, жиында айтылған ұсыныстар тұрғын үй басқару жүйесін жетілдіруге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.



