Басты жаңалық

Жүргізуші болу енді оңай емес

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді. Бұл мәселе Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Жаңа ережеге сәйкес, енді үміткерлер емтиханды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Алайда әр әрекет арасында кемінде 10 күнтізбелік күн үзіліс сақталуы тиіс. Бұған дейін қайта емтихан тапсыру үшін қайта оқудан өту талап етілетін.

Сонымен қатар, емтихан процесінде бақылау күшейтіледі. Жаңа жүйеде жасанды интеллект технологиялары қолданылып, заңбұзушылықтардың алдын алу көзделген.

Емтихан кезінде тыйым салынған құрылғыларды пайдаланғандар және жүргізуші куәлігін заңсыз алуға әрекет жасағандар жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда үміткерлер бір жылға дейін теориялық емтихан тапсыру құқығынан айырылады.

Бұдан бөлек, автомектептердің қызметіне қойылатын талаптар да қатаңдатылады. Егер жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болса, оқу орындарының лицензиясы қайтарып алынуы мүмкін.

Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру және жол қауіпсіздігін күшейту.

Басқа жаңалықтар

Back to top button