Басты жаңалық

Семейге ірі инвестиция құйылады

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында Семей қаласының даму жоспары қаралды. Баяндаманы қала әкімі Әділет Қожанбаев жасады.

Өңірлерді теңгерімді дамыту саясаты аясында Семейде инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Биыл жалпы құны 68,9 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар нәтижесінде 2 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар 2030 жылға дейін 112,8 млрд теңгеге бағаланған 17 ірі жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үй құрылысы басталып, инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту және жөндеу жұмыстары жалғасуда. «Жарқын келешек» бастамасы аясында тұрғын кварталдарды реновациялау және қоғамдық кеңістіктерді дамыту көзделген.

Қалада 1 179 көше бар, олардың жалпы ұзындығы 756 шақырымды құрайды. Былтыр асфальтталған жолдардың үлесі 50 пайызға жетті. Биыл 100 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар 100 аула абаттандырылып, тағы 100 аулаға асфальт төселеді.

Қоғамдық көлік паркі жаңартылып, жыл соңына дейін жаңа автобустар сатып алынады. Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту, жол айрықтарын салу және жаңа өткелдер іске асыру жоспарланған.

Қаланы көгалдандыру аясында 8 000 ағаш отырғызу көзделген. Саябақтар мен қоғамдық орындарды жаңғырту жалғасады. Жақын уақытта орталық алаңды қайта жаңарту жұмыстары басталады.

Коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, арнайы техника сатып алынуда. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда.

Облыс әкімі қала дамуын тұрақты бақылауда ұстап, жұмысты жалғастыруды тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және экологиялық мәселелерге ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button