Семейде қоғамдық кеңістіктер жаңаруда

Семей қаласында қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында бірқатар нысанда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Шәкәрім университетінің алаңын қалпына келтіру жобасын көрді. «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясындағы жоба жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға және аумақтың көркін арттыруға бағытталған.
Жоба аясында университет алаңындағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру және шағын сәулет нысандарын орнату көзделген. Мұнда 8 мың шаршы метр төсемтас төселіп, 2 050 метр жиектас орнатылады. Автотұрақтың 1 560 шаршы метр асфальт жабыны жаңартылады. Сонымен қатар балаларға арналған 8 шағын сәулет нысаны, воркаут алаңында 10 нысан орнату жоспарланған. Аумақта 50 орындық, 25 қоқыс жәшігі, 80 жарықтандыру бағаны және бір сахна қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі абаттандыру кезінде аумақтың сыртқы келбетіне ғана емес, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға да баса мән беру қажет екенін атап өтті.
«Шәкәрім университетінің аумағын қоғамдық кеңісттікке айналдыруға барлық жағдай бар. Қоршауын алып, воркаут алаңдарын жасақтаса, адамдар келіп демалып, спорт құрылғылармен шұғылданып, серуендеп, балаларын қыдыртуға мүмкіндік алады. Бұл мақсатта әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Берік Уәли.
Бұдан кейін аймақ басшысы Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония ғимараты алдындағы скверде жүргізіліп жатқан жұмыстардың аяқталу барысымен танысты.
Жоспарға сәйкес, аумақта 5,5 мың шаршы метр негіз ауыстырылып, дәл осындай көлемде тротуарлық плиталар төселді. Сондай-ақ 1 мың 800 метр жиектас пен бордюр орнатылған. Аумақты жарықтандыру жүйесі де жаңартылды. 50 жарықтандыру тірегі ауыстырылып, 1,6 шақырым күштік кабель тартылды. Бұдан бөлек, 468 метр қоршау орнатылып, домбыра пішініндегі шағын сәулет нысаны қойылды.
Тұрғындарға жайлы болуы үшін 26 орындық пен қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар 800 шаршы метр аумаққа асфальт төселді. Алдағы уақытта көгалдарды автоматты суару жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ негізгі жолға шығатын үш кіреберіс жол да қарастырылған.
Қаладағы нысандарды аралау барысында облыс әкімі облыстық филармония ғимаратының ішін аралап, шығармашылық ұжымның дайындығын тамашалады.



