Басты жаңалық

Өңірдегі жол сапасы жақсарады

Абай облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстармен облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында танысты.

Аймақ басшысы Тарбағатай ауылына апаратын жолдың жөндеу барысын көрді. Аталған мәселе өткен жылы жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген болатын. Нәтижесінде биыл «ҚазАвтоЖол» компаниясымен келісім жасалып, Аягөз – Тарбағатай бағытындағы 66 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.

Сапар барысында облыс әкімі Аягөзден Қарауылға апаратын жолдың да жөнделетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жол мәселесі тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп келеді.

– Биыл «Қарауыл – Аягөз» автомобиль жолының 51 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Шұбартау өңіріндегі жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады, – деді Берік Уәли.

Өңір басшысының айтуынша, былтыр бұл бағытта 45 шақырым жол жөнделген. Ал биыл қаржыландыру толық шешілген жағдайда тағы 53 шақырым жолды жөндеу көзделіп отыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Абай облыстық филиалының директоры Айбек Ануарбеков өңірдегі жол жөндеу жұмыстары жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 176 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 942 шақырым жолда күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас» автожолында кезең-кезеңімен орташа жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Былтыр 63 шақырым жол жөнделсе, биыл тағы 66 шақырым жол жаңартылуда.

Сонымен қатар 2026–2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес осы жолдың қосымша 53 шақырым учаскесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұдан бөлек, алты көпірге күрделі жөндеу жасау жоспарланып отыр.

Жолдарды күтіп-ұстау бағытында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, шұңқырлы жөндеу көлемі жоспардан асыра орындалып, 8 214 шаршы метр жол жабыны қалпына келтірілген. Сонымен қатар жол белгілерін орнату, жарықтарды бітеу және сигналдық бағаналар қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button