Басты жаңалық

«AMANAT» қолдаған маңызды жоба

Ауыл тұрғындары көп жылдан бері күткен медициналық нысан енді Орда ауылында ел игілігіне қызмет етіп тұр. Абай облысы Абай ауданына қарасты елді мекенде «AMANAT» партиясының қолдауымен амбулаториялық пункт ашылып, халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артты.

Жоба «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бұған дейін 300-ге жуық тұрғыны бар ауылда амбулаториялық пункт болмаған. Тұрғындар медициналық көмек алу үшін өзге ауылдарға немесе аудан орталығына баруға мәжбүр еді. Әсіресе қыс мезгіліндегі жол қатынасы ауыл халқы үшін үлкен қиындық тудырған.

Тұрғындардың өтінішінен кейін мәселе партия бақылауына алынып, құрылыс жұмыстары тұрақты мониторингтен өтті. Абай аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Еділ Құдайбергенов нысан құрылысының сапасы мен мерзімі жіті назарда болғанын атап өтті. Нәтижесінде 2025 жылы Орда ауылындағы медициналық пункт толық іске қосылды.

Ауыл тұрғыны Меруерт Игибаеваның айтуынша, жаңа нысан ауыл өміріне үлкен өзгеріс әкелген. Бұрын дәрігер көмегіне мұқтаж жандар өзге елді мекендерге қатынаса, қазір қажетті медициналық қызметті ауыл ішінде алуға мүмкіндік туған.

– Бұрын ауылымызда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Қазір халықтың ризашылығы жоғары. Дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп отыр. Бұл – ауыл үшін аса маңызды нысан, – дейді тұрғын.


Ал зейнеткер Ысқақ Берікхан соңғы жылдары ауылдағы инфрақұрылымның айтарлықтай жақсарғанын айтады. Оның сөзінше, ауылға жол салынып, жаңа мектеп пен тұрғын үйлер бой көтерген. Сонымен қатар, жылжымалы медициналық кешен келіп, тұрғындар ЭКГ және УЗИ сынды диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік алған.

Соңғы үш жылда Абай облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласында 65 нысан іске қосылған. Соның бірі — Орда ауылындағы амбулаториялық пункт. Бүгінде бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың біріне айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button