Басты жаңалық

Белсенді қоғам – берік ел

Азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру және халықтың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын күшейту – бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда Семей қаласында Қазақстан Халық партиясының ұйымдастыруымен өткен «Күш – әрқайсымызда!» атты аймақтық жақтастар форумы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Ауқымды іс-шараға партия басшылығы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, өңірлік филиал жетекшілері, жастар қанатының өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысты. Форум барысында партия жұмысының негізгі бағыттары, өңірлердегі бастамаларды дамыту және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.

Форумда сөз сөйлеген Ислам Еркінұлы Сұңқар мұндай кездесулердің қоғам үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, форумның басты мақсаты – азаматтарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту және халықтың ел дамуына қатысу деңгейін күшейту.

– Біздің форумның басты мақсаты – халықты саяси өмірге белсенді тарту. Форум аясында Қазақстан Халық партиясының 2023 жылдан бергі жетістіктерін атап өтіп, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарды таныстырып отырмыз. Қазақстан Халық партиясы – белсенді азаматтардың әлеуетін арттырып, олардың бастамаларын қолдайтын орта, – деді депутат.

Оның пікірінше, қоғамдағы оң өзгерістер тек мемлекеттік шешімдерге ғана емес, азаматтардың белсенді ұстанымы мен бастамаларына да тікелей байланысты. Сондықтан қоғамдық пікір алмасу алаңдарының маңызы артып келеді.

Жиын барысында қатысушылар өңірлердегі жұмысты жетілдіру, халықпен байланысты нығайту және жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар қоғамдық қызметке белсенді араласқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтіп, жаңа мүшелерге партия билеттері табысталды.

Семейдегі форум жай ғана кезекті саяси кездесу емес, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктің маңызын айқындаған маңызды алаң болды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесулер қоғам мен саяси институттар арасындағы байланысты нығайтып, өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button