Құмкөлде көптен күткен амбулатория салынады

Ақсуат ауданындағы Құмкөл ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Абай облысының әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында ауыл тұрғындары көптен күткен әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Бүгінде Құмкөл ауылының медицина қызметкерлері екі қабатты ескі ғимараттың бір бөлігінде жұмыс істеп келеді. Бұл жағдай тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне әсер ететіні белгілі. Сондықтан жаңа амбулаторияның салынуы ауыл халқы үшін маңызды мәселелердің бірін шешпек.
Жобаға сәйкес, жаңа дәрігерлік амбулатория заманауи талаптарға сай бой көтеріп, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылады. Мұнда тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің барлық мүмкіндігі қарастырылады.

Облыс әкімі нысанның ауыл үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұл Құмкөл тұрғындары ұзақ уақыт күткен әлеуметтік нысан. Ауылда мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс, – деді Берік Уәли.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілдері нысанды алты ай ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ойшілік ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының орындалуымен де танысты.
Жоба аясында Ойшілік ауылына апаратын жолдың 9,6–20,2 шақырым аралығына жаңа асфальт төселуде. Мамандардың мәліметінше, аталған жолдың асфальт-бетон жамылғысы әбден тозып, кей жерлерінде батпақ қабаты қалыптасқандықтан, көлік қозғалысына қиындық туғызған.
Өткен жылы ұзындығы 9,8 шақырым болатын жол бөлігінің ескі жамылғысы толық алынып, алғашқы 500 метріне жаңа асфальт төселген. Биыл жолдың батпақтанған негізін толық ауыстыру, профилін түзету және 9,3 шақырым учаскені толық асфальттау жұмыстары жүргізіледі.

Бұл жол Құмкөл мен Ойшілік ауылдық округтерін аудан орталығымен байланыстырып қана қоймай, шекаралық аймақта орналасқан Қасым Қайсенов және Хабарасу шекаралық бекеттеріне қатынауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар жолдармен көлік байланысын күшейтеді.
Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жол жөндеу жұмыстары келесі жылдың қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады.
Облыс әкімі жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс пен жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауды тапсырды.
Құмкөлдегі дәрігерлік амбулатория құрылысы мен жолды жаңарту жұмыстары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, шекаралық аумақтардың әлеуметтік және экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды жобалардың қатарында.


