Абай делегациясы Алтайда

Абай облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алтай қаласына келді. Өңір басшысы Берік Уәлидің тапсырмасымен ұйымдастырылған жұмыс сапарын облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков бастап барды. Делегация құрамында мемлекеттік қызметкерлер, аудан әкімдері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, сондай-ақ білім, кәсіпкерлік және туризм салаларының өкілдері бар.
Ертең өңір делегациясы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық өңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысады. Аталған алаң шекаралас мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, инвестициялық жобаларды талқылауға және өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сапар аясында облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков Қазақстанның шығыс өңірлерінің өкілдерімен бірге Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзян төрағалық еткен кездесуге қатысты. Басқосуға Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан делегацияларының өкілдері де жиналды.
Жиында сөз сөйлеген Чэнь Сяоцзян Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Шыңжаң өңірінің Қазақстанның шекаралас облыстарымен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
Абай облысы құрылғаннан бері Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып келеді. Осы кезеңде қытайлық серіктестермен 115-тен астам кездесу өткізіліп, бірқатар перспективалы жобалар бойынша нақты келісімдерге қол жеткізілді.

Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны 8,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын 112 жоба бар. Былтыр Алтай қаласында өткен халықаралық конференция қорытындысында жалпы сомасы 1,5 миллиард АҚШ долларына бағаланған 15 меморандумға қол қойылған болатын. Соның нәтижесінде қытайлық инвесторлардың қатысуымен құны 1,1 миллиард АҚШ долларынан асатын алты ірі жоба іске асырыла бастады.
Олардың қатарында чиптер мен электронды құрылғылар шығаратын индустриялық парк, сауда-логистикалық және ағаш өңдеу кешендері, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен өндірістер бар. Бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
«Үлкен Алтай – 2026» конференциясы аясында да Абай облысы үшін маңызды келіссөздер өткізіліп, жаңа инвестициялық бастамалардың негізі қаланады деп күтілуде.



