2026 жылдан бастап ҚҚС қалай өзгереді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес қосылған құн салығын (ҚҚС) қолдану тәртібі мен мөлшерлемелері қайта қаралады. Өзгерістер салық жүйесін нақтылап, жекелеген салаларға түсетін жүктемені қайта теңгеруге бағытталған.
ҚҚС – тауар мен қызметтің соңғы бағасына қосылатын жанама салық. Оны тұтынушы төлейді, ал есептеп, бюджетке аудару міндеті кәсіпкерлерге жүктеледі. Бұл жүйеде бизнес мемлекетке тек өзі қосқан құн үшін ғана салық төлейді.
Жаңа кодекске сәйкес негізгі ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітіледі. Сонымен қатар бірқатар салалар үшін төмендетілген ставкалар қарастырылған. 2026 жылдан бастап дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және лицензияланған медициналық қызметтерге 5 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал 2027 жылдан бастап медициналық сала мен отандық мерзімді басылымдарға 10 пайыздық ҚҚС енгізіледі. Экспорт, халықаралық тасымал және арнайы экономикалық аймақтар бұрынғыдай нөлдік мөлшерлемемен қалады.
ҚҚС салынбайтын операциялардың тізімі де нақтыланды. Олардың қатарында Қазақстан аумағынан тыс жерде жүзеге асырылатын операциялар, арнайы салық режимдері, құмар ойын және лотерея қызметтері бар.
Тұрғын үй нарығына қатысты да жеңілдіктер сақталады. Құрылыс компанияларының тұрғын үйді сатуы, сондай-ақ құрылысы 2026 жылға дейін басталған немесе пайдалануға берілген үйлер ҚҚС-тан босатылады. Тұрғын үйді жалға беру операциялары да бұрын жасалған шарттар бойынша салық салынбайды.
Аграрлық сектор үшін ҚҚС бойынша есепке жатқызылатын үлес 80 пайызға дейін арттырылады. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар ҚҚС-ты есепке алу уақыты мен декларация тапсыру мерзімдері нақтыланып, салықтық әкімшілендірудің бірізділігі күшейтіледі.
Жалпы алғанда, жаңа өзгерістер ҚҚС жүйесін жаңартып, экономика үшін маңызды салаларды қолдауды көздейді.



