Жаңа оқу жылы: жаңа мүмкіндіктер

Абай облысында 2026-2027 оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өңірде мектептердің жөндеуі, оқулықтармен қамту, жылыту маусымына дайындық, оқушыларды тасымалдау және қауіпсіздік мәселелері бақылауда.
Абай облысында 2026–2027 оқу жылында 304 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Биыл мектеп партасына отыратын оқушылар саны да артады. Алдын ала болжам бойынша, өңірде 101 341 бала білім алады. Өткен оқу жылында бұл көрсеткіш 100 590 болған. Биыл өңірде 10 533 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.
Сондай-ақ, өңірдегі 5 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 1 млрд 541,1 млн теңге бөлінді. Оның төртеуі Семей қаласында, біреуі Жарма ауданында орналасқан. Бұған қоса, 133 мектепте 223 жоба бойынша ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Оған 2 млрд 6,6 млн теңге қарастырылған.
Жаңа оқу жылында оқушылардың білім алу ортасын жаңартуға да көңіл бөлінген. 16 мектепке 32 пәндік кабинет сатып алуға 266,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 8 кабинет жеткізілді. Қалғандары бойынша келісімшарттар мен конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Мектебі жоқ 121 ауылдық елді мекенде тұратын 3 199 оқушы күн сайын мектепке тасымалданады. Олар үшін 109 автобус жұмыс істеп тұр. Соңғы екі жылда облысқа оқушыларды тасымалдауға арналған 17 көлік алынған. Биыл тағы 50 жаңа автобус сатып алу жоспарланған.
Жаңа оқу жылы енді басталғанымен, өңір мектептері қысқы маусымды да қазірден ойластырып жатыр. 304 мектептің 67-сі орталық, 237-сі автономды жылыту жүйесімен қамтылған. Қатты отынмен жылытылатын 173 мектептің барлығы көмір жеткізуге келісімшарт жасаған.
Абай облысы білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова:
Өңірдегі мектептердің барлығы интернет желісіне қосылған. Биыл бұл бағытқа 576,8 млн теңге бөлінді. Ал шалғай елді мекендердегі білім беру ұйымдары үшін спутниктік интернеттің мүмкіндігі пайдаланылуда. Қазір 133 мектеп Starlink жобасына қосылған.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылында 49 621 оқушы бір реттік тегін тамақпен қамтылады. Оқушыларды тегін тамақтандыруға 5,7 млрд теңге бөлінді. Мектеп формасы, оқу құралдары мен аяқ киім алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы 18 898 балаға 961 млн теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 17 973 балаға, яғни 95,1 пайызына тиісті қаражат аударылды.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. Өңірдегі террористік тұрғыдан осал нысандар санатына жататын 246 мектептің барлығы бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жабдықталды.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында мектептердің санитариялық жағдайы да тексерілді.Абай облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 1 маусым мен 1 шілде аралығында 405 білім беру нысанына мониторинг жүргізді. Оның ішінде 309 мектеп, 8 интернаттық ұйым және 87 мектептегі тамақтандыру объектісі бар.
Нәтижесінде санитариялық талаптардың 1015 бұзушылығы анықталды. Кемшіліктердің басым бөлігі ғимараттардың санитариялық-техникалық жағдайына, жөндеу жұмыстарына, медициналық кабинеттер мен санитариялық тораптардағы ыстық суға, сондай-ақ ас блоктарының жағдайына қатысты болған.
Осыған байланысты 390 нұсқама берілді. Кейін жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында анықталған бұзушылықтардың толық жойылғаны анықталды.
Жалпы, Абай облысында жаңа оқу жылына дайындықтың негізгі кезеңдері аяқталуға жақын. Енді мектептер үшін ең маңызды міндет — қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде тәмамдап, 1 қыркүйекте оқушыларды дайын, қауіпсіз әрі жайлы ортада қарсы алу.



