Семей орманындағы оқиға көркем фильмге айналды

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында Семей орманындағы қайғылы оқиғаға негізделген «38. Соңғы нүкте» драмалық фильм-катастрофасы көрерменге жол тартты.
Фильмде табиғи апаттың адам өміріне әсері, сын сағатта қабылданған шешімдер мен адам тағдыры таразыға түскен қиын кезең суреттеледі. Картина Семей орманындағы оқиғаны көркем шығарма арқылы жеткізіп, сол күндердің салмағын адам тағдыры арқылы көрсетуге бағытталған.
Фильмнің оқиғасы орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді. Табиғи апатпен бетпе-бет келген кейіпкерлер қиын сәтте өз қауіпсіздігі мен кәсіби борышының бірін таңдауға мәжбүр болады. Олардың тағдыры арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық пен отбасы, кәсіби міндетке адалдық және табиғатқа жанашырлық сынды маңызды тақырыптар қозғалады.
Туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына арналған. Фильм арқылы олардың ерлігі, қайсарлығы мен кәсіби борышына адалдығы көрерменге жеткізіледі.
Фильмнің идея авторы әрі кеңесшісі – Абай облысының әкімі Берік Уәли. Ол картинаның идеялық бағытын қалыптастыруға және оқиғаның шынайылығын сақтауға қатысты кеңес берген.
«38. Соңғы нүкте» фильмінің бас продюсері – Нұржігіт Хайдар. Сценарий авторлары – Мақсат Жұмаханов пен Нұржігіт Хайдар. Қоюшы режиссер – Төребек Бейсебаев, қоюшы оператор – Асылхан Мельдебеков, қоюшы суретші – Олжас Альменов.
Басты рөлдерде Асан Мажит, Арман Уахитов, Алтынай Нөгербек, Төлепберген Байсақалов, Алмат Сақатов, Алтыншаш Шаяхмет, Нұркен Өтеуіл, Мақсат Сәбитов, Дәркен Есімбеков және Асылбек Әйтіш өнер көрсетеді.
Картинада Семей орманындағы қайғылы оқиғаның адам тағдырына әсері ғана емес, табиғат алдында адамның дәрменсіздігімен қатар, қиындыққа қарсы тұрар қайсарлығы да көрініс табады.
«38. Соңғы нүкте» фильмі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.
«38. Соңғы нүкте» – бүгіннен бастап барлық кинотеатрларда.



