Басты жаңалық

Сарбаз болуға дайынсың ба?

Әскер әр азамат үшін Отан алдындағы жауапкершілікті сезінудің, тәртіп пен төзімділікті қалыптастырудың маңызды мектебі. Қазақстан Конституциясының 39-бабында Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті екені белгіленген.

Абай облысында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары заң талаптарына сәйкес тұрақты жүргізіліп келеді. 2026 жылғы көктемгі шақыру науқаны барысында өңірден 600-ден астам жас азамат әскери борышын өтеуге аттанды. Ал жыл соңына дейін облыстан 700-ге жуық азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр.

Әскери қызметтің тағы бір маңызды қыры – сарбаздардың болашағына жасалатын қолдау. 2025 жылы көктемгі шақырылымнан кейін республика бойынша 3 мың сарбаз жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен оқуға мүмкіндік алды. Оның 61-і – Абай облысынан барған жастар.

Олардың қатарында Қорғаныс министрлігінің әскерлерінде қызмет еткен 37, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскерлерінде болған 3, Ұлттық ұлан қатарындағы 14 және ҰҚК Шекара қызметінде қызмет атқарған 7 сарбаз бар.

Әскердегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға да көңіл бөлінуде. Мәселен, әскери қызметшінің тәуліктік азық-түлік үлесінің құны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 250 теңгеден 3 150 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бүгінде облыста күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Алдағы уақытта жүздеген жас азамат әскери бөлімдерге барып, Отан алдындағы борышын өтейді.

Әскер – тек міндет емес, азаматтың өмірлік тәжірибесін қалыптастыратын үлкен мектеп. Бүгінгі сарбаздың бойындағы тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштік – елдің ертеңгі қорғанының негізі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button