Әлеумет

Үйленбес бұрын оқы!

Қазақстанда болашақ ерлі-зайыптыларға некеге дейін арнайы оқудан өту ұсынылады. Тиісті бұйрық қабылданып, бағдарлама Отбасын қолдау орталықтарында кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Үйлену тойына дайындық кезінде көпшілік мейрамхана, қонақтар мен шығындарды ойластырады. Ал шаңырақ көтергеннен кейінгі өмір, ортақ бюджет, үй шаруасы, бала тәрбиесі мен бір-бірін түсіну мәселелері кейде кейінге қалып жатады. Жаңа бағдарлама осы тақырыптарды некеге дейін талқылауға мүмкіндік береді.

Оқуға некеге тұруды жоспарлаған жұптар, некені тіркеуге өтініш бергендер және бес жылдан аспайтын уақыт некеде тұрған ерлі-зайыптылар қатыса алады. Қатысу – ерікті.

Сабақтар бес бағытты қамтиды: серіктестік пен жауапкершілік, отбасыны жоспарлау және репродуктивтік денсаулық, құқықтық сауаттылық, қаржылық сауаттылық және эмоционалдық интеллект.

Жұптар ортақ шешім қабылдау, отбасылық бюджетті жоспарлау, міндеттерді бөлу, өзара қолдау көрсету және келіспеушіліктерді дұрыс шешу жолдарын мамандармен бірге талқылайды.

Бағдарлама 2024 жылы Астана мен Шымкентте сынақтан өтіп, 40 жұп қамтылды. 2025 жылы тағы 300 жұп оқудан өтті.

Енді некеге дейінгі оқыту Отбасын қолдау орталықтарында тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Оқуға қатысқысы келетіндер тұрғылықты жері бойынша Отбасын қолдау орталығына хабарласа алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button